Қыркүйек айында Қазақстанда Қытай мен Қазақстан бірлесіп жүзеге асыратын жаңа халықаралық музыкалық жобаның түсірілімі басталмақ. Продюсерлік тізгінді әйгілі әнші Димаш Құдайберген ұстайды. Қуанышты ақпаратты dimashnews.com жария еткенін Alash.kz ұлттық порталы жазды.
Ауқымды жобаға түрлі елден талантты вокалистер қатысып, Қазақстанның әсем өңірлерін аралайды.
Түсірілім 8-29 қыркүйек аралығында Түркістан, Алматы, Ақтау және Астанада өтеді.
Бағдарлама халықаралық телеарналар арқылы әлемге көрсетіліп, миллиондаған көрерменге Қазақстан табиғаты мен жаңа орындаушылардың өнерін тамашалау мүмкіндігі беріледі.
"Бұдан он жылға жуық уақыт бұрын Hunan TV арнасындағы "Мен – әншімін" жобасымен үлкен сахнаға жолым басталды. Бүгін мен жаңа рөлде – халықаралық шоу авторы ретінде қайта оралып отырмын. Бұл – дүние жүзіндегі адамдарды біріктіретін мәдени ынтымақтастық пен музыка тарихында жаңа тарауды ашады", – деді Димаш Құдайберген.