Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысының кулуарында алматылық "Қайраттың" Чемпиондар лигасына шығуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Министр алдағы 30 қыркүйекте өтетін мадридтік "Реалға" қарсы ойынды ірі туристік оқиға деп атады.
"Бұған дейін де іс-шаралар өтті, біздің инфрақұрылым мұндай деңгейдегі ойындарды қабылдауға дайын екенін көрсеттік. Оның үстіне, әлемдегі ең мықты команда – "Реал" келеді. УЕФА желісі бойынша арнайы квоталар да бар", – деді Мырзабосынов.
Оның айтуынша, матчқа шамамен 4-5 мың шетелдік турист келеді деп күтілуде.
"Бүгінде біздің футбол дамып келеді. Инфрақұрылымымыз барлық стандарттарға сай. Ойын алаңы дайын, стадион УЕФА бағалауынша төртінші категорияға жатады. Спорттың халықты біріктіріп, үміт сыйлайтынын көрдіңіздер. Бұл басқа спорт түрлеріне де әсер етеді. Егер біз әлемдік тәжірибені әкеліп, спортшыларымызға инвестиция салсақ, академиялар құрсақ, онда халқымыздың рухы мен спортшыларымыздың қайсарлығымен биік белестерді бағындырамыз", – деп түйіндеді министр.