Болгарияның астанасы Софияда өткен дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты қазақстандық спортшылар үшін табысты аяқталды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ұлттық құрама жарыс барысында бес жүлдеге ие болды. 60 келіге дейінгі салмақта Ернұр Батырғали чемпион атанып, алтын медаль олжалады. 66 келіге дейінгі салмақта Мұхаммедәлі Жылқайдар күміс жүлдегер атанды. Ал қазақстандық дзюдошылар үш қола медальды еншіледі: 50 келіге дейін Арман Мыса, 66 келіге дейін Ролан Қайырғали, 90 келіден жоғары Әділжан Жаудинов үшінші орыннан көрінді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлемдік додада бір алтын, бір күміс және үш қола медальмен ел қоржынына сүбелі үлес қосты. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 6-орынға табан тіреді. Ал бұл жарыста 5 алтын, 3 қола медаль жеңіп алған Өзбекстан құрамасы топ жарды.