Сингапурда 49 жастағы Үндістан азаматы қос некеге отырғаны үшін үш ай үш аптаға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz.
Сот материалдарына сәйкес, ол 55 жастағы сингапурлық әйеліне үйленгеніне қарамастан, 2022 жылы Үндістанда тағы да некеге тұрған. Бірінші некесі әлі заңды күшінде болғандықтан, екіншісі де жарамсыз деп танылды.
Құпия 2023 жылдың қыркүйегінде ашылды. Ер адам екінші әйелінен туған сәбиін көру үшін перзентханаға барған кезде, онда жұмыс істейтін алғашқы жарына тап болып қалған. Әйелі одан түсініктеме талап етіп, ақыры ол шындықты мойындауға мәжбүр болған.
Тергеу барысында екінші әйелінің ол бірінші некесін бұзады деген уәдесіне сенгені белгілі болды. Алайда ер адам сөзінде тұрмағандықтан, әйел Сингапурдың Еңбек министрлігіне шағымданған. Кейін іс полицияға өтіп, оған «қос некеге тұру» бабы бойынша айып тағылды.
Сингапур заңына сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 10 мың сингапур долларына (шамамен 625 мың рубль) дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, ер адамның елдің тұрақты тұрғыны мәртебесін алу кезінде екінші некесін жасырғаны үшін де жауапқа тартылатыны хабарланды.