Үш дүркін әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Назым Қызайбай артық салмақтан арылу жайлы әзіл арадас видео түсіріп, оны Instagram желісінде жариялады. Видео аз уақыт ішінде кеңінен таралып, көп қаралым жинады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Видеода боксшы арықтауға байланысты өзінің басынан өтетін жағдайды көрсетті. Бастапқыда ол қырыққабат, брокколи мен алманы жеп, артынша ұйықтап жатып мүлде басқа нәрсе жегісі келетінін түсінеді.
"Өзіңді неге қинайсың? Өмір бір-ақ рет беріледі! Ләззат алу керек", – дейді Назым Қызайбай.
Видеоның соңында спортшы фастфуд жеп отырып: "Бүгінгі арықтағаным есептелмейді, ертең бастаймын! Жоқ, одан да дүйсенбіден бастаған дұрыс", – дейді.
Бұл видео 14 сағат ішінде 100 мыңнан аса қаралым жинап, кеңінен танымал болды.
Назым Қызайбай – әлем чемпионаттарындағы ең көп атаққа ие қазақстандық боксшы. Ол алғашқы алтын медалін 2014 жылы жеңіп алған, кейін 2016 және 2025 жылдары осы бір жетістігін қайталады. Осылайша, үш әлемдік титулға қол жеткізіп, Қазақстан тарихында теңдессіз рекорд орнатты.
2024 жылғы Париж Олимпиадасында Назым Қызайбай 50 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, қола жүлдені иеленген болатын.