Түркістанда туып-өскен ауыл баласы әлемнің үздік клубына қабылданды

26 тамыз, 2025 / Ахмет Қанатұлы
gov.kz. Суретте: Нұрқанат Нұрмаханұлы

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының Темірлан ауылынан шыққан жас спортшы Нұрқанат Нұрмаханұлы "Атлетико Мадрид" футбол академиясына шақырту алды, деп Sportinside.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Нұрқанат Алматы облысы, Талғар ауданында өткен "Атлетико Мадрид" академиясының іріктеуіне қатысып, ресми жолдама иегері атанды.

Қазақстанның әр аймағынан жиналған жасөспірімдер арасынан ерекшеленген ол техникалық шеберлігімен, жылдам ойлау қабілетімен және ойын өрнегімен Испаниядан арнайы келген бапкерлердің назарын аударған. Нәтижесінде Нұрқанат халықаралық деңгейде дайындыққа мүмкіндік алды.

Болашақ футболшы қазір Темірландағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 7-сыныбында оқиды. Ол Ордабасы ауданындағы "Жас қанат" командасында жаттығып жүр. Жас талантты тәрбиелеуге бапкерлері Райымбек Тұрсын, Бексұлтан Серіков және Шыңғыс Тұрсын зор үлес қосқан.

"Атлетико" академиясы – Еуропадағы ең беделді футбол орталықтарының бірі. Мұнда әлемдік деңгейдегі тәртіп пен кәсіби дайындықтан өткен жасөспірімдер кейін үлкен футболдың жұлдыздарына айналады.

Тэгтер:

Нұрқанат Нұрмаханұлы Атлетико Мадрид