фото: ашық дереккөзден
Қазақстандық актриса, көпшіліктің сүйікті өнер иесі Жұлдыз Әбдікәрімова бесінші рет ана атанды. Ол өзінің жеке парақшасында жүктілік кезеңіндегі әсерлі әрі күрделі оқиғасын бөлісті.
Әбдікәрімованың айтуынша, жүктіліктің 37-аптасында жоспарлы тексеріс кезінде дәрігерлер тосын жағдайды хабарлаған: нәресте жамбаспен жатқан, сонымен қатар кіндігіне екі рет оралып қалған. Мұндай қауіпке байланысты мамандар актрисаға шұғыл түрде кесарь тілігін жасауды ұсынған.
"Сол сәтте денем мұздап кеткендей болды, басымда сан түрлі қорқыныш ойлар қаптады... Төрт баланы табиғи жолмен дүниеге әкелген мен үшін ота – бөтен әрі қажетсіз көрінді", – деп жазды Жұлдыз.
Актриса дәрігерлерден уақыт сұрап, табиғи босануға мүмкіндік беруді өтінген. Бір апта бойы ол үй шаруасымен айналысып, тіпті жөндеу жұмыстарына қажетті құрылыс материалдарын сатып алған. Алайда ота жасалуы тиіс күні күтпеген жағдай орын алды: қайта тексеріс кезінде сәби қалыпты жағдайға түсіп, кіндікке оралу қаупі де жойылған.
"Бұл нағыз ғажайып болды. Дәрігерлер шешімін өзгертіп, табиғи жолмен босануға рұқсат берді. Ішкі түйсігім де: бәрі жақсы болады – деп тұрғандай еді", – деді актриса.
Сөйтіп, Жұлдыз Әбдікәрімова бесінші мәрте ана бақытын сезініп, дүниеге қызы келді.