"Қайрат" футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі "Селтикке" қарсы қарымта матч алдындағы баспасөз мәслихатында команда шабуылшысы, 17 жастағы Дастан Сәтпаевтың жағдайына тоқталды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ол ойыншының сары қағаздарының көптігіне байланысты алаңға шыға алмайтынын айтты.
"Дастанға қатысты айтар болсам, ол қатты уайымдады. Маған жеткен ақпарат бойынша, ол екі күн бойы ешкіммен сөйлеспеген. Тіпті киім ауыстыратын бөлмеде де қатты көңілсіз отырды. Бәрін жақсы түсініп отыр. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетіп жатырмыз. Ол әлі жас, түрлі жағдайлар болады. Бұл – оның жинап жатқан тәжірибесі. Әр ойында күшейіп келеді. Не істей аламыз? Болары болды. Енді оны дұрыс қабылдап, алға жылжу керек. Біз де оған өмірдің мұнымен бітпейтінін, дұрыс қорытынды шығарып, тек алға қарай қадам басу керектігін айттық", – деді Уразбахтин.
Еске сала кетейік, "Қайрат" пен "Селтик" арасындағы кездесу Алматыда 26 тамыз күні сағат 21:45-те өтеді.