Әлем чемпионы Карлос Адамес қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлымен неге жекпе-жектен бас тартқанын түсіндірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұл туралы Карлостың өзінен әлеуметтік желідегі Х парақшасында бір жанкүйер сұрады. Карлос Адамес өзіне сұрақ қойған жанға көп күттірмей жауап берді.
"Сен түсінбейсің, себебі сенің ол "миллионерің" лайықты ұсыныс жасаған жоқ", – деп жауап қатты боксшы.
Thaboxingvoice бағдарламасының бір эфирінде Түрки Әл аш-Шейх Адамеске "жақсы, жомарт ұсыныс" жасағанын, бірақ WBC белбеуінің иесі бірнеше күн бойы үнсіз қалып, нәтижесінде Түрки өз ұсынысын қайтарып алғанын айтты.
Осыдан кейін Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде:
"Мен сіздерге оның қорқақ екенін айттым! Енді барлығы орта салмақтағы шын патшаны білді", – деп жазды.
Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет 5 сәуірде Астанада шаршы алаңға шығып, бесінші раундта француз Анауэль Нгамиссенді нокаутқа түсірген еді.