Ресейлік спортшы Николай Свечников Стамбулдағы құрлықаралық жарыс кезінде Босфорды жүзіп өтпек болып, із-түссіз жоғалып кетті. Қазір оны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.
РИА Спорт басылымының хабарлауынша, спортшының жақын досы Николай мен туысы Алена оның жарысқа қатысқанын, бірақ мәре сызығына жетпегенін айтты.
Алдын ала мәліметке сәйкес, тіркелген 2896 жүзушінің 2665-і 6,5 шақырымдық қашықтықты жүзіп өткен.
Жарыс жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де басталып, 14:00-де аяқталған. Ал 15:30-дан 18:00 аралығында Босфорда Teknofest фестивалі аясында бірнеше әскери кеме жүріп өтті.
SHOT мәліметінше, жарыс ұйымдастырушылары мен Стамбул полициясы жағдайдан хабардар, іздеу шараларына кірісті.
Сонымен бірге, Николай алғашқы көпір тұсында шаршап қалуы немесе аяқ-қолы құрысуы мүмкін деген болжам бар. Кейбір спортшылар құтқарушы қайықтардың жеткіліксіз болғанын айтып шағымданды – әсіресе қашықтықтың орта тұсында мүлде болмаған.
Куәгерлер жүзу кезінде арқасымен жүзіп бара жатқан оған ұқсас адамды көргенін айтқан.
Болжам бойынша, ресейлік спортшыны ағыс басқа жаққа алып кеткен немесе мәреге жақын жерде аяқ-қолы құрысып қалуы мүмкін.
Николайдың таныстары оның жеке заттары жарыстан кейін табылмағанын жеткізді. Ал спортшы жоғалғаннан кейін құтқарушылар мен полицияның белсенді әрекет етпей отырғанына шағымданған.
Mash басылымының дерегінше, старттан бері 12 сағаттан астам уақыт өтті. Қазіргі таңда жағалау күзеті іздеуді жалғастырып жатыр, бірақ полиция ресми арызды тек 24 сағаттан соң ғана қабылдайтынын мәлімдеген.
Николайдың жұбайы Түркияға жолға шықты және елшіліктен көмек сұрауды жоспарлап отыр.