фото: видеодан скриншот
Әлеуметтік желіде әнші Тоқтар Серіковтің мектептегі алғашқы махаббаты туралы бейнематериал кең талқыланып жатыр. Ол туралы жүрекжарды хаттарын көпшілік алдында оқыған қыз – Қызылорда өңірінің тумасы Айгүл Көбекова.
"Бенефис шоу" бағдарламасына Тоқтар Серіков пен жары Бейбіт Сейдуалиева қонақ болып барған. Тосыннан студияға келген бұрынғы сыныптасы Айгүл Көбекова олардың балалық махаббаты жайлы сыр шертіп, көрерменді таңғалдырды.
"Тоқтар екеуміз 1990 жылы Алматыдағы №2 мектеп-интернатқа бірге түстік. Ол "Б" сыныбында, мен "А" сыныбында оқыдым. Интернатта бірге өстік. Махаббатымыз сол жерде басталды. Олимпиадаларға бірге қатысатынбыз. Біздің сезімімізді бүкіл мектеп білді. Тоқтардың толассыз хаттары мен әндерін бәрі маған арналған деп ойлайтын", – деді Айгүл Көбекова.
Бағдарлама барысында ол Серіковтің өзіне жазған өлең жолдарын да оқып берді. Осы сәтте әнші сәл тосылып, жары Бейбітке қарап, күліп:
"Бізді ажырастыру үшін шақырдыңдар ма?" – деп әзілдеді.
Содан кейін Тоқтар Серіков те өткенді еске алып, алғашқы сезім туралы ойын айтты.
"Бұл Айгүл Көбекова – Қызылорданың қызы, айтыскер болатын. Ұзақ жүрдік деп айта алмаймын, бірақ хат жазғаным рас. Мінезі тік еді, соған байланысты жараспадық. Кейін тұрмысқа шықты", – деді ол.