"Нұржанмен арамызда бала бар": Жұлдызай Дүйсенбиева ел естімеген әңгімесін айтты (ВИДЕО)

"Нұржанмен арамызда бала бар": Жұлдызай Дүйсенбиева ел естімеген әңгімесін айтты (ВИДЕО)

фото: ашық дереккөзден

Белгілі театр актрисасы әрі әзілкеш Жұлдызай Дүйсенбиева Нұржан Төлендиевпен арадағы қарым-қатынасы мен ортақ махаббаты туралы ашық әңгімеледі.

AINUR ASANBERDI YouTube арнасына берген сұхбатында актриса 15 жылдық тарихы бар "Алдараспан" театрының жетекшісі Нұржан Төлендиевпен сахнадағы жұптары жайлы айтып өтті. Көрермен олардың ерлі-зайыптыларды сомдаған рөлдерін шынайы қабылдағанын жасырмады. "Нұржан екеуіңді не байланыстырады?" деген сауалға Дүйсенбиева әзілмен жауап қатты:

"Нұржан екеумізді махаббат байланыстырады. Өйткені, арамызда бала бар. Қазір жұрттың бәрі "Масқара! Айттым ғой!" деп отырған шығар", – деді ол.

Артынша актриса бұл сөзін тарқатып, шын мәнінде "ортақ махаббат" деп отырғаны – екеуінің сахнаға деген сүйіспеншілігі екенін түсіндірді:

"Бұл – театрға деген махаббатымыз. Нұржан сахнаны жан-тәнімен жақсы көретін актер. Киноға түсу үшін қаншама ұсыныстар түссе де, сахнаны тастамады. Біз талай ұрсысып, ренжісіп қалсақ та, сахнаға шыққан сәтте бәрін ұмытып, үйлесімді ойнап кетеміз. Бұл – өнерге, халыққа деген шынайы махаббат", – деді Жұлдызай.

Актрисаның айтуынша, оларды көрермендер ерлі-зайыптылар деп қабылдап, тіпті отбасылы адамдар ретінде жиі шатастырған кездер болған. Бірде гастроль кезінде жергілікті отбасы оларды шын мәнінде жұп деп ойлап, бірге төсек салып қойғанын еске алды.

"Сонда бізді "әйелі мен күйеуі" екен деп жақсы көріп жүріпті. Кейін ол кісілердің өзі де ұялып қалды. Бұл – халықтың бізге деген махаббаты", – деп күлді ол.

Сұхбат соңында Жұлдызай Дүйсенбиева "арамызда бала бар" дегенін әртістерден құралған жас буынды меңзеп айтқанын жеткізді:

"Әртіс балаларды өзіміз жинадық. 15 жылдық мерекеде де "екеуің қайта қосылдыңдар ма?" деген әңгіме айтылды. Кейбіреулер шын қабылдап қояды. Ал шын мәнінде, бұл – Нұржанның да, менің де сахнаға, халыққа деген өшпес махаббатымыз. Дұрыс түсініңіздер!" – деп түйіндеді актриса.