фото: kff.kz. Суретте: Александр Заруцкий
"Қайрат" қақпашысы Александр Заруцкий УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы матчта шотландиялық "Селтикке" қарсы ойында ауыр жарақат алды, деп Sportinside.kz тілшісі Meta-ratings.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан құрамасының қақпашысы ойынның 71-минутында тізесінен жарақаттап алған. Алдын ала мәлімет бойынша, Заруцкийге тізе буынының ауыр жарақаты диагнозы қойылған. Соның салдарынан футболшы маусымның соңына дейін алаңға шыға алмауы ықтимал. Дәлірек диагноз толық медициналық тексерістен кейін белгілі болады.
Айта кетейік, алматылық клубтың қақпашылар қатарында Заруцкийден бөлек Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмұрза бар.
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойында "Қайрат" пен "Селтик" тең түсті – 0:0. Жауапты кездесу Алматыда 26 тамыз күні өтеді.