фото: Видеодан скриншот
Қазақстанның 22 жасқа дейінгі бокс құрамасы Түркістан өңіріндегі таулы спорт базасында ерекше дайындықтан өтуде. Команданың бас бапкері – Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев. Білікті маман шәкірттеріне тың әдіс ұсынып, оларды биік деңгейге дайындап жатыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Биік таудағы жаттығу – мықтыларды анықтайды
Жаттығу жиыны табиғи ортада, жоғары биіктікте өтіп жатыр. Мұндай жағдай спортшылардың физикалық төзімділігі мен функционалдық дайындығын арттыру үшін таптырмас мүмкіндік. Әр күн сайын жүктеме біртіндеп күшейіп, боксшылардың төзімі мен күшін сынауда.
«Жігіттерді пісіріп жатыр» – деп әзілдейді жанкүйерлер, Сәрсекбаевтың еңбекқорлығына риза болып.
Әр сәт – шеберлік мектебі
Бақыт Сәрсекбаев жаттығу барысында тек жалпы әдістермен ғана шектелмей, әр спортшыға жекелеген техника элементтері бойынша нақты нұсқаулар береді. Оның тәжірибесі мен тактикалық көрегендігі жастарға шеберлігін шыңдауға жол ашып отыр.
Желі қолданушыларының пікірлері:
«Бақытқа шыдағандар түбі чемпион болады»
«Бақыт аға өзі шаршы алаңға шықса да жеңетін секілді»
«Мықты дайындық. Азияны ғана емес, әлемді бағындырады»
Азияда 22 алтын – мықтылықтың дәлелі
Айта кетейік, Сәрсекбаевтың шәкірттері 2025 жылы Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен Азия чемпионатында 22 алтын медаль жеңіп алған болатын. Бұл – тек жаттықтырушының емес, бүкіл команданың тынымсыз еңбегінің жемісі.