фото: depositphotos.com
Абай облысының Бестерек ауылында балаларды көлігімен қағып кеткен Toyota жүргізушісі ұсталғаннан кейін есін жоғалтып, адамдарды тани алмай қалған, деп хабарлайды "Жетінші арна".
Белгілі болғандай, 55 жастағы ауыл тұрғыны 20 жылдан астам уақыт автобус жүргізушісі болып істеген. Қайғылы жағдай болған күні ол рөлде отырған кезде ұстамасы ұстап қалып, көлікті басқара алмай қалған.
"Әкемнің жағдайы ауыр. Қазір қамауда отыр. Ұстамасы кезінде ешкімді тани алмай қалды. Рөлді ұстай алмай, бәрі әп-сәтте орын алды. Қасымызда анам да болған. Бұл өте ауыр апат. Қаза болғандардың отбасына көңіл айтамыз. Баршасынан кешірім сұраймыз", – деді жүргізушінің ұлы Ерқанат Серікұлы.
Осы уақытта Үржар ауданында жол апатынан қаза тапқан үш баламен қоштасу рәсімі өтті. Бір отбасының екі қызы Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылында жерленсе, екі жасар Нұрәділ Елтай ауылында топыраққа тапсырылды. Қаралы жиынға туған-туыстары, ауылдастары және әкімдік өкілдері жиналды.
Ал марқұмдардың бірі – екі жасар баланың анасы кіші ұлын соңғы сапарға шығарып сала алмады. Өйткені ол қазір Астанада ауруханада жатқан екі жаралы баласының қасында. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Тағы бір тоғыз жасар қыз аудандық ауруханада ем қабылдауда.