Олимпиада чемпионы атанған боксшы спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді

Бүгін, 12:05 / Ахмет Қанатұлы
pixabay.com

Алжирлік Олимпиада чемпионы, боксшы Иман Хелифтің спорттық мансабын аяқтауына байланысты хабар желіде кеңінен тарап кетті. Кейіннен 26 жастағы спортшы Facebook-тегі парақшасында тараған мәлімдемелер шындыққа жанаспайтынын айтып, бұл хабарламалардың оның абыройына нұқсан келтіру үшін әдейі таратылып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Аталған сыбысқа себеп болған –Хелифтің бұрынғы менеджері Нассeр Йесфахтың Nice Matin француз басылымына берген сұхбаты. Онда ол экс-шәкіртінің "қолғапты шегеге ілгенін", яғни енді боксқа оралмайтынын айтқан. Бірақ оның сөзі уақытша үзіліске ме, әлде толық қоштасуға ма қатысты екені нақтыланбады. Осыдан кейін халықаралық БАҚ-та Хелифтің мансабын аяқтады деген әңгіме кеңінен тарады. Алайда спортшының өзі мұны үзілді-кесілді жоққа шығарды.

"Мен нақты айтқым келеді: менің бокстан кеткенім туралы жаңалық –жалған. Мен ешқашан мансабымды аяқтағанымды мәлімдеген емеспін. Қазір де жаттығуымды жалғастырып, бабымды сақтап отырмын. Алжирде де, Катарда да алдағы жарыстарға дайындалып жүрмін", –деп жазды Хелиф.

Сондай-ақ ол бұл жалған сөзді айтқан адамның енді оған еш қатысы жоқ екенін, әрі "өзінің сенімін де, елін де сатып кеткенін" атап өтті. Алжирлік чемпион спортқа да, еліне де адал екенін жеткізді.

"Мен әрқашан бокска және туған еліме адал боламын. Жалған ақпараттар мені Алжирдің намысын халықаралық аренада қорғау және дәріптеу жолындағы арманымнан бас тартқыза алмайды", – деді ол.

Тэгтер:

чемпион Бокс Олимпиада Иман Хелиф