фото: "Қайрат" футбол клубы. Суретте: Дастан Сәтпаев
Алматылық "Қайрат" клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев УЕФА Чемпиондар лигасында Шотландияның "Селтигіне" қарсы өтетін қарымта матчқа қатыса алмайды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Екі матчтан тұратын плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойын Глазгода өтіп, 0:0 есебімен аяқталған болатын.
Қосымша уақыттың 11-минутында Дастан Сәтпаев қарсыластың айып соққысынан берген пасын жақын қашықтықтан бөгеді. Осы әрекеті үшін бас төреші 17 жастағы шабуылшыға сары қағаз көрсетті.
Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы қатарынан үшінші ойында ескерту алып отыр. Жинақталған сары қағаздардың саны жас ойыншының келесі матчқа қатысуына кедергі жасап отыр. Осылайша, Дастан Сәтпаев "Қайратқа" қарымта кездесуде көмектесе алмайды.
Еске салсақ, қос команда 26 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда қайта кездеседі. Жеңімпаз Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алса, жеңілген ұжым Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетеді.
Қазіргі таңда жарақаттарына байланысты қарымта матчқа қазақстандық қақпашы Александр Заруцкий, португалиялық қорғаушы Луиш Мата және грузиялық жартылай қорғаушы Гиорги Зарианың қатысуы да күмән тудырады.