Қазақстан еркін күрес құрамасының жетекші спортшыларының бірі Ризабек Айтмұхан биылғы маусымның басты додасына дайындық жұмыстарын бастады. Қыркүйек айында Хорватияның астанасы Загреб қаласында өтетін Әлем чемпионатында ол негізгі фавориттердің қатарында көрінеді. Осыған орай, отандасымыз Olympic.kz сайтына сұхбат берді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Биылғы маусым Ризабек үшін жеңіл болған жоқ. Бұрынғы ең маңызды додаларының бірі – Амманда өткен Азия чемпионатында спортшымыз ақтық сынға дейін жетіп, жапониялық Араш Ёшидаға жол берді.
Алайда, бұл нәтижеге де себеп бар: Ризабек Алматыда өткен PWL-8 турнирінде жарақат алып қалған еді. Соған қарамастан, ол Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізе білді.
Жарақаттан кейін қалпына келу шаралары жүргізілді. Содан кейін Түркиядағы Яшар Догу-2025 халықаралық турнирінде Ризабек алтыннан алқа тақты. 97 келіге дейінгі салмақта ол ақтық сында Болгарияның өкілі Ахмед Магамаевты айқын басымдықпен жеңді.
Ең соңғы жарысы 9 тамызда Ақтөбе қаласында өткен Wrestling Stars League додасы болды. Турнирде Олимпиада және әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері бақ сынады. Ризабек Айтмұхан 97 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды.
"Жалпы турнир жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар. Қарсыластарым мықты болды. Үшеуі де Ресей мемлекетінің атынан өнер көрсетті. Дегенмен, жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілдім", – деді спортшы.
Ризабек Айтмұхан бұған дейін бірнеше мәрте әлем чемпионатының жеңімпазы атанған. Ол U20 және U23 санатындағы әлем біріншіліктерінде топ жарған. Сонымен қатар, 2023 жылы Сербияның Белград қаласында өткен додада 92 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған болатын. Осы нәтижелерді ескерсек, биылғы әлем чемпионатында Ризабек Айтмұханның басты фавориттердің қатарында екені анық.
Биылғы әлем біріншілігінде ол олимпиадалық 97 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғайтын болады.
Қазақстандық балуан қазіргі бабы мен әлем чемпионатындағы бәсекелестік туралы өз пікірін білдірді:
"Қазір бәрі ойдағыдай. Емдік шараларды өткізіп, жарақаттарымнан толықтай айығып шықтым. Өзімді тамаша сезінемін, қазір дайындық жұмыстарын жоспарға сай жүргізіп жатырмын. Бапкерлік құраммен бірге әрбір ұсақ-түйекке мән беріп, қарқынды жаттығу үстіндемін.
Әлем чемпионатында бәсекелестік өте жоғары деңгейде болмақ. Мысалы, менің салмағымда оннан аса мықты балуандар бар. Соның ішінде алтауы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Сондықтан жеңіске жету өте қиын болғалы тұр", – деді спортшы.
Айта кетейік, биылғы әлем чемпионаты 13-21 қыркүйек аралығында Загреб қаласында өтеді.