"Қызғаншақ адамдар кездесті": Сабина Алтынбекова жеке өмірі жайлы ашып айтты

Бүгін, 09:43 / Ахмет Қанатұлы
instagram.com/altynbekova_20. Суретте: Сабина Алтынбекова

Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова әлеуметтік желідегі парақшасында кәсіби спорттағы алғашқы қадамы мен кездескен қиындықтары туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Спортшының айтуынша, ол бала кезінде жаттығу залына жаяу барып, кеш қайтатын. Автобустар тоқтамай кететіндіктен, жолын көбіне жаяу еңсерген.

"Бір кезде кішкентай, арықша ғана Сабина спорт залына жаяу баратын, өйткені автобустар тоқтамай өте шығатын. Әрқашан жаттығуға ерте барып, ең соңынан қайтатынмын. Маған: "Босқа әуре болма, сенен түк шықпайды, қарашы, добың торға да жетпейді" дейтін. Бірақ мен білдім: егер табандылықпен еңбек етіп, берілмесең, бәріне қол жеткізуге болады.
Жолымда талай пейілі тар, қызғаншақ адамдар кездесті. Мүмкін сондықтан да Жаратқан менің еңбегім мен талпынысымды көріп, бір күні ерекше мүмкіндік сыйлаған болар. Сол сәттен бастап қысым да, қызғаныш та көбейді, бірақ қолдаушыларым да артты. Бірі барын салып менің қадірімді төмендетіп, өзін жоғары қоюға тырысты, енді бірі ақылына жүгініп, "ештеңе жайдан-жай болмайтынын" түсінді.
Мені ешқашан ақша да, атақ та, марапат та қызықтырған емес. Бар болғаны мен сүйген ісімді жасай бердім", – деп жазды Сабина Алтынбекова

 

Алтынбекова өзінің ешқашан атаққа немесе марапатқа қызықпағанын, бастысы сүйікті ісімен айналысудан танбағанын атап өтті.

"Маған ешкім сенген жоқ. Бірақ өзіме деген сенімім жеткілікті болды. Мен және менің мақсатым ғана бар. Ал жолда кездескен басқа дүниелер мені мазаламады да, алаңдатпады да.
Нәтижесінде бірнеше шетелдік клубтардан тиімді келісімшарт алдым. Кейбір командаларда тіпті капитан атандым. Ал спорт әлемінде өз елінен тыс жерде жүрген ойыншыға капитандық сенімін арта бермейді. Бірақ өмірде мүмкін еместің өзі мүмкін. Біреулер мұны "жай ғана жолы болды" деп ойлар, ал мен болсам өз мақсаттарыма нық әрі сенімді қадам жасай беремін. Өйткені шын мәнінде рухы мықты адам ешқашан қиындықтан да, сынақтан да қорықпайды", – деп түйіндеді волейболшы.

Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Алтынбекова Индонезияның "Йога Фэлконс" клубымен келісімшартқа отырған болатын. Биыл команда елдің Про-лигасында алғаш рет бақ сынап жатыр. Қазіргі таңда қазақстандық волейболшы клуб капитаны ретінде өнер көрсетуде.

Тэгтер:

Сабина Алтынбекова волейбол