фото: "Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметі. Суретте: "Қайрат" футбол клубы
Алматылық "Қайрат" футбол клубы 20 тамыздан 21 тамызға қараған түні УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде шотландиялық "Селтикке" қарсы ойнайды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Іріктеу кезеңіндегі матчтың алғашқы ойыны Глазгода (Шотландия) өтеді. Аталмыш кездесудің тікелей трансляциясы Қазақстан уақыты бойынша сағат 00:00-де басталады. Ойынды "Qazsport" телеарнасынан көруге болады.
Айта кетейік, бұл ойын шотландиялық клуб үшін 2025/26 маусымындағы алғашқы еурокубоктық матч болмақ. Ал "Қайрат" бұған дейін үш іріктеу кезеңінен өтті:
- бірінші раундта словениялық "Олимпияны" жеңді (екі матчтың қорытындысы бойынша – 3:1);
- екінші кезеңде финляндиялық "КуПС" клубынан басым түсті (3:2);
- үшінші айналымда сенсациялық түрде словакиялық "Слованды" жарыстан шығарды (негізгі есеп 1:1, пенальти сериясында — 4:3).
Еске салсақ, бұл маусымдағы еурокубокта Қазақстан атынан төрт команда өнер көрсетті. Алайда "Астана", "Ақтөбе" және "Ордабасы" жарыс жолынан шығып қалған еді.