Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті мылтықпен жаралаған Ернар Жиенбай соттағы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сотталушы Руслан Берденовтен кешірім сұрап, бұл қылмысқа өз еркімен емес, белгілі бір себеппен барғанын жеткізді.
"Істеген ісіме өкінемін. Ешбір азаматтар қолдарыңызға қару алмаңыздар, аңшылыққа бармаңыздар деп айтар едім. Қолыммен істеген ісімді мойныммен көтеремін. Руслан Арысбекұлының көп ресурсы болса да, мендегі бар ресурс – әуелі Алла, одан кейін әділ сот. Сізге сенім білдіремін. Қарапайым халқым мені қолдайды деп сенемін", – деді ол.
Ернар Жиенбай өз әрекетімен Руслан Берденовтің денсаулығына ауыр зиян келтіргенін мойындап, осыған байланысты кешірім сұрағанын айтты.
"Сот тергеуінде берген жауабымды толық қуаттаймын. Руслан Арысбекұлынан кешірім сұраймын. Кеше жәбірленушіден жауап алу барысында мен оған көп сұрақ қоя алмадым. Мен оны өмірімде екінші рет көрдім. Сол себепті мен кешірім сұраумен шектелдім. Маған тағылған айыппен ішінара келісемін. Бұл оқиға өз-өзімен болған жоқ нақты айта аламын. Мен өзімді есі дұрыс адам ретінде санаймын. Сараптама қорытындылары да бар. Мен себепсізден-себепсіз қорқыту мақсатында оқ атқан жоқпын", – деді сотталушы.
Ернар Жиенбай сондай-ақ осы жағдайға байланысты барлық қазақ азаматтарынан кешірім сұрады.
"Елімізде тек береке, мереке, той, қуаныш, жақсылық болсын. Ешқандай қылмыстар орын алмасын, қылмыстар азайсын. Құрметті сот, айтарым көп. Алайда қысқа-нұсқа, сізден 106-баптың 1-тармағымен жеңіл жаза тағайындауыңызды өтініп сұраймын", – деп түйді сөзін сотталушы.