фото: instagram.com/bivol_kate. Суретте: Екатерина Бивол мен Дмитрий Бивол
Боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Instagram парақшасында бұрынғы күйеуінің тегінен бас тартып, ұйғыр ұлтына жататын атасының тегімен жүруге шешім қабылдағанын хабарлады, деп жазады Sportinside.kz.
Екатерина Бивол Instagram Stories арқылы Дмитриймен әлі де нашар қарым-қатынаста екенін айтты. Оның сөзінше, бұрынғы күйеуі мен жанкүйерлері жиі әлеуметтік желіде "оның тегін қайтар" деп талап еткен.
"2,5 жыл бойы күн сайын тегім үшін тиісіп келді. Дима жүздеген рет қоңырау шалып, "тегімді қайтар" деді. Бос әңгіме емес пе? Мен әрқашан бұл – балаларымның тегі, мен Бивол әулетінің жалғастырушысы екенімді айтатынмын. Өйткені Диманың әпкелері бар, ал екі ұлды дүниеге әкелген жалғыз менмін", – деді ол.
Сондай-ақ Екатерина өзінің қыз кезіндегі тегі де шын мәнінде туған тегі емес екенін, ол әкесінің өгей әкесінің тегі болғанын айтты. Сондықтан ол ұлттық тұрғыдан өзіне жақын тегін таңдауды ұйғарып, атасының тегі – Джалиловаға өтті. Енді оның ұлдары да әкесінің емес, осы текті иеленеді.
"Жақын арада бізді осылай атайтын болады: Екатерина Игоревна Джалилова, Мирон Дмитриевич Джалилов және Никон Дмитриевич Джалилов", – деп түйіндеді ол.
Экс-жұбайы Stories-те Алматыдағы туыстарымен түскен суретін де бөлісті.
Еске сала кетейік, 34 жастағы Дмитрий Бивол – ресейлік боксшы. Оның еншісінде 24 жеңіс (соның ішінде 12 нокаутпен) бар және Артур Бетербиевке қарсы жекпе-жекте бір ғана мәрте жеңіліст тапқан. Ол жартылай ауыр салмақта WBA, WBO және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері.