Әйелім өзімдікі ғана болғандықтан, "жаным" деп оңашада айтамын – Тоқтар Серіков

Әйелім өзімдікі ғана болғандықтан, "жаным" деп оңашада айтамын – Тоқтар Серіков

фото: Әлеуметтік желіден. Суретте: Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева

Белгілі әнші Тоқтар Серіков бүгінде жары Бейбіт екеуі төрт ұл тәрбиелеп отыр. Дегенмен, "балаларыңыздың қайсысы өнер жолын жалғастырады?" деген сұраққа келгенде ерлі-зайыптылар ойланып қалады екен. Себебі алғашқы үш ұлы өнерге қызығушылық танытпайды. Бұл туралы Тоқтар Серіков Қазақстан ұлттық арнасының "Таңшолпан" бағдарламасында әңгімелеп берді.

"Алдыңғы үшеуі өнерге қызықпайды. Үлкеніміз – математик, жақсы оқиды. Қазір 8-сыныпта. Одан кейінгі егіздер де өнерге қызықпайды. Білімге, спортқа жақын. Төртінші, кішкентайымыз әнші болатын шығар. Тілі келсе де, келмесе де, таңнан кешке дейін менімен қосылып, ән айтады. Тілі енді шығып жүр", – деді Тоқтар Серіков.

Тоқтар Серіков өзінің әке тәрбиесімен өскенін, әкесін асқар тауындай көріп, соған қарап бой түзегенін айтады. Сол үлгіні өз ұлдарына да беруге тырысуда.

"Ұлдарымның бәрі бұрыш-бұрышқа тығылып, қашып кетеді. Мен соларға дауыс көтеріп, айғаламаймын, бірақ әкеден жасқанады. Ұрыспайды емес, ұрысамын. Бірақ жүрегімнің ауырғанын көрсетпеймін", – деді ол. 

Сонымен қатар, өнер иесі жарына деген еркелету сырын да ашып айтты.

"Телефонымда Борби деп сақтаулы. Қыз кезінде байқамай Борби деп айтып қойып, сол күйі қалды. Телефон нөмірі өзгерсе де, аты өзгермейді. Оңаша жерде "жаным" деп еркелететінім бар. Әйел – жеке бақытым, өзгеге тиесілі емес, өзімдікі ғана болғаннан кейін "жаным" деп айтатыным бар. Бірақ телефоныма жазып, олай жасамаймын", –  деді ол.