"Қайрат" Чемпиондар лигасына шығу үшін құрбандық шалғалы жатыр

14 тамыз, 2025 / Ахмет Қанатұлы
sportinside.kz коллажы

Алматылық "Қайрат" футбол клубы 20 тамызда УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде шотландиялық Селтикпен кездесу өткізеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

"Қайрат" футбол клубы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде словакиялық "Слованды" пенальти сериясында жеңген еді. Енді алматылық ұжымды азулы қарсылас – шотландиялық "Селтик" күтіп тұр. Егер "Селтиктен" басым түсетін болса, "Қайрат" командасы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алады. Ал жеңіліс тапқан жағдайда УЕФА Еуропа лигасының жалпы кезеңінде ойнауға мүмкіндік алады.

Осыдан 12 жыл бұрын, яғни 2013 жылы қарағандылық "Шахтер" клубы УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде дәл осы "Селтикпен" жолыққан еді. Астана Аренада өткен алғашқы ойында "Шахтер" 2:0 есебімен басым түскен, алайда Шотландиядағы қарымта ойында "Селтик" 3:0 есебімен қазақстандық клубты қапыда қалдырған.

Астанадағы ойын алдында қарағандылық клуб ырымға балап, стадионда қойды құрбандыққа шалғаны туралы ақпарат БАҚ-та кеңінен таралған. Бұл ойын дәл сол 20 тамызда өткен. "Қайраттың" ойыны да 20 тамызға сәйкес кеп тұр. Тура 12 жылдан кейін "Қайрат" клубы да осы ырымды қайталай ма екен? Неде болса, алматылық ұжымға сәттілік тілейміз! Қазақ футболының дамуына үлес қоса бер, халық командасы "Қайрат"!

Тэгтер:

Қайрат Селтик Астана Арена қой