Қазақстанда қайырымдылық саласындағы блогерлердің қызметіне бақылау күшейіп келеді. Перизат ісінен кейін бірқатар танымал әлеуметтік желі белсенділерінің жұмысы құқық қорғау органдарының назарында екені белгілі болды, деп жазады ozgeris.info.
Сол тізімде тұрмысы төмен отбасыларға үй алып беріп, халықтан қаржы жинаумен танылған Ырысбала Икрамбай да бар. Қазіргі таңда оның қайырымдылық жобалары мен жиналған қаражаттың жұмсалу тетігіне қатысты тексеріс жүріп жатыр.
Желі қолданушылары бұл жаңалыққа қатысты екіге бөлінді: бір тарап блогерді қолдап отырса, екіншілері ашық есеп беруді талап етуде.
Ресми органдар әзірге тергеу қорытындылары жайлы мәлімет берген жоқ. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, мұндай тексерістер қайырымдылық саласында ашықтық пен сенім деңгейін арттыруға ықпал етуі мүмкін.