"Жаным ашыды": Тұңғышбай Жаманқұлов Әлішер Каримовтің орден алғаны туралы айтты

13 тамыз, 2025 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Атақты театр актері Тұңғышбай Жаманқұлов әнші Әлішер Каримовтің атақ алғаны жайлы өз ойын білдірді.

Тұңғышбай Жаманқұлов журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұқбатында танымал әнші Әлішер Каримовтің Халық әртісі атағын алғанына байланысты өз ойын білдірді.

"Әлішерге жаным ашыды. Әлішер жақсы жігіт, мінезі де керемет. Өзі Тараздың жігіті. Әкесін де білемін, маған "Сіз Тараздікісіз ғой, міне, менің балам. Осы балаға қарайлай жүріңіз" деген еді. Мен де "балаңның талабы жақсы" деп сөйлескен кезіміз болған. Енді Халық әртісі атағын алған кезде мен де таңғалып қалдым. Ол әлі жас. Бәлкім, ол "маған беріңдер" деп сұрамаған шығар, бірақ бұл сол жоғарыда отырған атақ тарататын шенеуніктердің қателігі деп есептеймін. Мейлі, мен оған қарсы емеспін, ерте алып қойған шығар", – деді Тұңғышбай Жаманқұлов. 

Сондай-ақ Тұңғышбай Жаманқұлов мемлекеттік наградаларды анықтайтын комиссияда отыратын жандарға өз ренішін білдірді.

"Біз жыл сайын аймақтардағы, облыстардағы көзге түсіп жүрген жандардың марапатталғанын қалап, соларды ұсынып жүрміз. Жылына 4-5 рет ұсынамын. Облыстарда сондай атаққа лайық әріптестеріміз бар. Бірақ ол көбіне-көп назарға ілінбейді. Кейде ілінеді, кейде ілінбейді", – деп өз пікірін білдірді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Айта кетейік, Тұңғышбай Жаманқұловқа өнер саласында сіңірген еңбегі үшін, төккен маңдай тері үшін Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атақтары табысталған болатын.

Тэгтер:

үнсайд Тұңғышбай Жаманқұлов Әлішер Каримов