Есімі елге танымал спортшы жарыс кезінде есінен танып, қайтыс болды

12 тамыз, 2025 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Қытайда өткен Дүниежүзілік ойындар кезінде есінен танып қалған италиялық спортшы қайтыс болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

29 жастағы спорттық бағдарлау бойынша италиялық атлет Маттиа Дебертолис сейсенбі күні таңертең көз жұмды. Ол төрт күн бұрын ерлер финалындағы орта қашықтық кезеңінде жарыс кезінде есінен танып қалған еді.

Өткен жұмада жарыс қызған сәтте барлық бағдарлаушыларға міндетті GPS-трекер Дебертолистің ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз жатқанын көрсеткен. Ұйымдастырушылар дереу құтқарушыларды жіберіп, спортшыны тауып, ес-түссіз күйде Чэнду қаласындағы ауруханаға жеткізген.

Дәрігерлер оның өмірін төрт тәулік бойы сақтап қалуға тырысты. Осы уақыт ішінде Қытайға оның әйелі, анасы және ағасы да жеткен.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қытайдың жетекші медициналық мекемелерінің бірінде жедел әрі білікті көмек көрсетілгеніне қарамастан, спортшы көз жұмды. Өлімнің нақты себебі әзірге белгісіз.

Италиялық БАҚ Чэндудағы жарыстардың өте ыстық әрі ылғалды ауа райы жағдайында өткенін атап өтті.

Тэгтер:

спортшы аурухана Италия Маттиа Дебертолис