Федералдық салық қызметі (ФНС) NHL аңызы Александр Овечкиннің кейбір банктік шоттары бойынша операцияларды тоқтатты, деп Sportinside.kz тілшісі РИА Спорт басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Белгілі болғандай, хоккейші 2022 жылдың 31 тамызында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Оның қызметі интеллектуалдық меншік пен оған ұқсас өнімдерді (авторлық құқықтан басқа) жалға берумен байланысты.
Алайда басылымның жазуынша, Овечкин 2023 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде салық декларацияларын тапсырмаған. Салдарынан 2023 жылдың маусымында екі рет, 2024 жылдың маусымында тағы екі рет, ал соңғы рет 2025 жылдың 29 шілдесінде шоттары бұғатталған.
Шоттардың бұғатталуына салық төлеушінің белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін 20 күн ішінде салық органына декларация тапсырмауы себеп болған.
РБК дерегінше, ВТБ банкінде Овечкиннің бірден бес шоты бұғатталған.