Тоқаев спорт саласындағы ең мәртебелі марапатқа ие болды

12 тамыз, 2025 / Ахмет Қанатұлы
t.me/aqorda_resmi. Суретте: Чунгвон Чоу мен Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоуды қабылдады, деп Sportinside.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Президент Чунгвон Чоудың сапарын Қазақстан спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға деп атап өтті. Оның айтуынша, бұл – федерацияның елімізде таеквондоның дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенінің айғағы.

Қасым-Жомарт Тоқаев таеквондоның тек олимпиадалық спорт түрі ғана емес, сонымен бірге үйлесім, тәртіп пен өзара құрмет қағидаттарына негізделген, миллиондаған адамды біріктіретін философия екенін айтты. Мемлекет басшысы алдағы Kazakhstan Open 2025 (G1 санаты) халықаралық рейтингтік турнирі отандық спортшылардың кәсіби деңгейін арттыруға, тәжірибе алмасуға және Ұлттық федерацияның бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Президент бірлескен күш-жігердің нәтижесінде елімізде таеквондоның танымалдығы артып, халықтар арасындағы достық байланыстардың нығая түсетініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Чунгвон Чоу қонақжайлық пен тұрақты қолдау үшін Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстандағы турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыруға және спортқа деген қызығушылыққа оң бағасын берді. Сондай-ақ қазақ спортшыларының халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Чунгвон Чоуды әлемде таеквондоның дамуына қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады. Ал федерация басшысы Президентке ерекше құрмет ретінде тоғызыншы дан қара белбеуін табыс етті.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев Чунгвон Чоу