Олимпиада медалін жеңген қыз әуежайда өз жігітін ұрып, 20 тәулікке қамалды (ВИДЕО)

9 тамыз, 2025 / Ахмет Қанатұлы
видеодан скриншот

Париж Олимпиадасының чемпионы, америкалық Ша’Карри Ричардсон жігітіне тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

4×100 метрлік эстафета бойынша Олимпиада алтынының иегері АҚШ-тың тағы бір атлеті, сүйіктісі Кристиан Коулменді соққыға жықты деген айып тағылған. Ричардсон 20 сағат қамауда болды.

БАҚ мәліметінше, оқиға Сиэтл әуежайында болып, бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

"Кадрларда Ричардсонның үсті-басы қара киімде, басында кепка, жігітінің рюкзагының бауынан тартып, оны қатты итергені көрінеді. Кейін оның жолын бөгеп, қабырғаға қысады. Бұл сәтті көрген жолаушылар аң-таң күйде бақылап тұр. Бірнеше сәттен соң екеуі қайта кадрға түседі, Ричардсон Коулменді ұрып жібереді. Кейін полиция есебінде Ричардсон оған бір зат лақтырған болуы мүмкін деп жазылған", – деп сипаттайды The Sun.

Daily Mail дерегінше, Олимпиада чемпионының жігіті оған ресми айып тақпады. Сол себепті бейнежазбада қылмыс анық көрінгенімен, спортшы қамаудан босатылған.

25 жастағы америкалық спортшы соңғы Олимпиадада 100 метрге жүгіруден күміс медаль жеңіп алып, бұдан кейінгі жарыста АҚШ құрамасына алтын әкелген. Бұған дейін ол 2023 жылғы әлем чемпионатында екі алтын мен бір қола медаль иеленген.

Ричардсон 2021 жылы Токио Олимпиадасында дебют жасауы керек еді, бірақ тыйым салынған зат қолданғаны үшін жарыстан шеттетілген.

Ол тек спорттық жетістіктерімен ғана емес, сонымен қатар ерекше мінез-құлқы және жарқын стилімен де танымал. Қазір оның әлеуметтік желідегі парақшасына 4,2 миллионнан астам адам жазылған.

Тэгтер:

АҚШ спорт Ша’Карри Ричардсон зорлық-зомбылық полиция