Америкалық Роберт Сандерс 44 күн ішінде велосипедпен 4800 шақырым жүріп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Гиннес кітабының баспасөз қызметі 85 жастағы Сандерстің ресми түрде велосипедпен 3 мың миль (4 839,3 км) жүрген ең егде жастағы адам ретінде танылғанын растады. Бұған дейінгі рекорд 78 жастағы америкалық Брюс Клоссерге тиесілі болған.
Роберт 44 күндік сапары кезінде Калифорниядан Флоридаға дейінгі аралықты еңсеріп, кейде қонақ үйлерде, кейде хостелдерде, ал кейде тікелей жолсерік көлікте түнеп отырған. Бұл көлік сапар бойы оны сүйемелдеп отырған.
Автокөлік рөлінде Роберттің жұбайы Кэтрин мен жақын досы Джек Хокер кезек-кезек отырып, оған жол бойы қолдау көрсетіп отырған.
"Алдымен Джек, содан кейін Кэтрин. Оларсыз бұл мүмкін болмас еді", – деді Роберт сапар соңында.
Айта кету керек, саяхат аяқталған кезде Роберттің жасы 85 жас 49 күн болған.