Шерзат ісі – шындық па, спектакль ме: адвокаттың мәлімдемесі қоғамды шулатты

12 қаңтар, 2025 / Ахмет Қанатұлы
stan.kz

Шерзат Болаттың өліміне қатысты атышулы сот процесінде жәбірленуші тараптың адвокаты Бағдагүл Ажығалиева соттағы бірқатар олқылықтарды ашық айтып, істің айқын көрінісін жария етті. Бұл туралы ол YouTube-тағы «Гиперборей» арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, 29 мамыр күні мемлекеттік айыптаушылар барлық дәлелдерді ұсынғаннан кейін, жәбірленуші тарап өз зерттеуін бастаған. Сол сәтте Ажығалиева тергеу барысында ескерусіз қалған бір маңызды дерек – сотталушылардың камерадағы әңгімесінің жазбасы, яғни стенограмма түріндегі жасырын тыңдау нәтижесін сотқа ұсынған. Бұл стенограммада сотталушылар Шынасыл Абзал мен Нұрқияс Ілиясов арасындағы күмәнді диалог анық көрсетілген. Абзал Нұрқиясқа: «Сенің атқаның туралы ешқандай ақпарат жоқ қой!» десе, ол: «Мүмкін ұмытып кеткен шығар, сен бұл туралы ешкімге айтпа», – деп жауап береді. Адвокаттың пікірінше, бұл сөздер ату фактісінің бар екендігін меңзейді және оны жасыру әрекеті күмән тудырады.

Ажығалиева бұл дерек сот материалдарында болғанымен, оның негізіндегі бейнематериал – дисктегі жазба – сот ісінен «диск зақымдалды» деген сылтаумен алынып тасталғанын айтты. Прокурор Ержан Құрақбаев дәлел ретінде пайдаланылуы тиіс дискінің бұзылғанын айтқан. Алайда прокурор Дана Сәрсенбай кейінірек диск жоғалмағанын, тек істен алынғанын жеткізген. Екі түрлі мәлімдеменің бір-біріне қайшы келуі адвокатты күмәнға қалдырған.

«Егер расында бір диск бүлінсе, оның түпнұсқасы архивте сақталады. Неге одан көшіріп, сотқа ұсынбаған? Бұл – тергеудің өрескел кемшілігі», – дейді Ажығалиева. Оның айтуынша, стенограмма ресми түрде тергеу материалында болғандықтан, оны жария етуге заңдық кедергі болмаған.

Сонымен қатар адвокат судья Ержан Жанұзақовтың да бұл мәселеге салғырт қарағанын алға тартты. Ол сот материалдарындағы маңызды құжаттардың бірі толық емес екенін атап өтті. Соған қарамастан, судья бұл жайтқа ешқандай реакция білдірмеген.

Ажығалиева атап өткен тағы бір маңызды дәлел – көлік ішіндегі видеорегистратор жазбасы. Ол жазбада оқиғадан кейін куәгер қыздардың күйзеліс жағдайында болмағаны анық байқалады. Олар күліп, болған жайтты ашық талқылап отырған. Сонымен қатар, телефонмен сөйлесіп отырған сәттері де түсіп қалған. Бұл видео куәгерлердің бұрынғы: «Бізде телефон болған жоқ, сондықтан полицияға хабар бере алмадық» деген мәлімдемесіне мүлде қайшы келеді.

Адвокаттың айтуынша, бұл видеожазба – тек куәгерлер емес, сотталушылардың да кейбір сөздерін теріске шығарған маңызды айғақ.