Америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің Армения астанасы Ереванда өткен шоуынан кейін Республикалық стадионның газонының сапасы нашарлап кетті, деп Sportinside.kz тілшісі Am.sputniknews.ru сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым жазуынша, Лопестің ауқымды концерті армян футбол қоғамдастығының назарын стадион жағдайына аударған. Себебі мұндай ірі шаралар алаң жамылғысына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
«Sputnik Армения»-ның сенімді деректеріне сүйенсек, газон жай ғана бүлінбеген, өте нашар жағдайда екені айтылған. Оны қалыпқа келтіру үшін стадион қызметкерлері көп уақытын жұмсауы керек.
Қазіргі таңда концерттен кейін стадионда болған ақпарат көздері алаңда футбол матчтарын өткізу мүмкін емес екенін хабарлаған. Бұл жағдай Армения чемпионы "Ноа" клубына кері әсер етуі мүмкін. Егер команда Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтсе, 21 тамыз күні алғашқы ойынын дәл осы стадионда өткізуі тиіс. Алайда газонды сол уақытқа дейін қалпына келтіру – өте қиын, мүмкін емес іс болып тұр.
Айта кетейік, Дженнифер Лопес әлемдік турнесін жалғастырып жатыр. Ол 1 тамызда Астанада өнер көрсетті, ал 10 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда концерт бермек. Бұл стадион – "Қайрат" футбол клубының негізгі алаңы.