Көкшетаулық "Арлан" клубының ойыншысы, Беларусь елінен келген 27 жастағы қорғаушы Арсений Борисов Қазақстан азаматтығын алды. Бұл шешімді ол әйелі мен балалары үшін қабылдағанын айтты, деп Sportinside.kz тілшісі Tengri Sport сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Жан жарым – қазақ, екі баламыз да осы жерде дүниеге келді. Бізге Қазақстанда қолайлы, болашағымызды осында құрғымыз келеді", – деді хоккейші.
Қазақстан азаматтығын алу үшін Арсений туған елі – Беларусьтің төлқұжатынан ресми түрде бас тартқан. Бірақ бұл шешіміне еш өкінбейтінін жеткізді:
– Туған еліңіз мұндай шешіміңізді қалай қабылдайды деп қорықпадыңыз ба?
– Жоқ, – деп қысқа жауап берді ол.
Сонымен қатар, егер Қазақстан құрамасынан шақырту түссе, қуана келісетінін де жасырмады:
"Қай спортшы ұлттық құрамаға шақырту алғысы келмейді?" – деді ол.
Жақында Борисовтар отбасында екінші сәбилері – Артемий есімді ұл дүниеге келді. Ерлі-зайыптының тағы бір қызы бар.
Арсений Борисов 2013-2021 жылдар аралығында Беларусь чемпионатында әр түрлі клубтарда ойнаған. Ол 2021 жылы Қазақстанға ауысып, алдымен "Арлан", кейін "Сарыарқа" (Қарағанды), "Хумо" (Ташкент) клубтарында өнер көрсетті. Арсений 2024/2025 маусымында "Арлан" сапында 39 ойын өткізіп, ел чемпионы атанды.