Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі Нұржан Иманалиев әлеуметтік желідегі парақшасында маңызды мәлімдеме жасады.
"Қазағым, өзіңе кел! Бір адамды танымай, білмей отырып дәлелсіз даттап, фейк аккаунтпен жамандау – бұл еркектікке, қазақы тектілікке жат әрекет! Басқа ұлттың емес, өзіміздің бауырларымыз жазғанда ғана жүрекке қатты батады. Неге сонша майдаланып, ішің тарылып, біреудің жетістігін көре алмай отырсың? Ата-бабамыз аманат еткен қазақы рух қайда кетті?
Менің атам Иманалы – ел үшін еңбек еткен, болыс болған, жетім-жесірге көмектескен ардақты жан еді. Бірақ көре алмайтын өз қандасы үстінен арыз жазып, орыстарға сатып, "халық жауы" атандырған. Осындай сатқындардың кесірінен арымыз төгілді, қанымыз төгілді. Мен – сол Иманалы атаның ұрпағымын. Сатқындардың емес, ерлердің тегіненмін. Ал сен кімнің ұрпағысың?
Қазаққа жау сырттан келмейді. Қазаққа жау – өз ішінен, өз ішіндегі іштар, аяр, көреалмайтын, фейкпен тас атып отыратындар! Бір-бірімізге тірек болмай, бір-бірімізді қорғамай, кім бізге араша түседі? Бүгін даттағаның – ертең сенің балаңа тиеді. Қойыңдар енді! Қазақ қазаққа жау болмасын!" – деп жазды Нұржан Иманалиев.