Екі адам қаза тапты: Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлы жол апатына түсті

Бүгін, 00:01 / Ахмет Қанатұлы
sportinside.kz коллажы. Суретте: Шавкат Рахмонов

UFC додасында өнер көрсетіп жүрген танымал қазақ файтері Шавкат Рахмоновтың отбасы ауыр жол-көлік апатына тап болды. Бұл қайғылы жағдай оның жұбайы Гүлайым Рахмонова мен ұлы Алматы – Екатеринбург бағытындағы тас жолда жол жүрген кезде орын алған, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Halyqstan Telegram арнасының мәліметінше, Оқиға Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының Ақсуек ауылы маңында тіркелген. Toyota Land Cruiser көлігін Гүлайым Рахмонова өзі басқарған. Ол ұлымен және құрбыларымен Қарағандыдан Алматыға бағыт алған кезде көлік аударылып кеткен. Алдын ала мәліметке сүйенсек, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған.

Апат салдарынан көлікте болған 39 жастағы жолаушы З.А. оқиға орнында жан тапсырған. Тағы бір жолаушы, 35 жастағы А.С., Мойынқұм аудандық ауруханасына жетпей, жолда көз жұмған.

Гүлайым Рахмонова мен 2022 жылы туған ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта олар травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалауда.

"Ота қажет емес. Науқастарға динамикалық бақылау жүргізіліп жатыр", – деді аурухана мамандары.

Жол-көлік оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің жол жүру ережелерін бұзу және екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеу жалғасып жатқандықтан, өзге мәліметтер әзірге жария етілмейді.

Айта кетейік, оқиға кезінде Шавкат Рахмонов Абу-Дабиде болған. Ол онда әріптесі, тағы бір қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың UFC-дегі кездесуіне қолдау көрсету үшін аттанған.

Тэгтер:

Шавкат Рахмонов көлік апаты Гүлайым Рахмонова