Алматы десе – Көктөбе мен Медеу. Бұл қос мекен – шаһардың символы. Егер Көктөбе аталғанда көз алдымызға шолпан жұлдыздай жарқыраған телемұнара мен қаланың панорамасы келсе, Медеу – спорт, мұз айдыны, биік белестермен байланысты. Бірақ «Медеу» атауы қайдан шықты, оны кім қойған деген сұрақ көпшілікті әлі күнге толғандырады.
Медеу Пұсырманұлы – есімімен тарихқа енген тұлға
«Медеу» атауы – шын мәнінде нақты адам аты. Ол – XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген көрнекті қоғам қайраткері, меценат әрі ірі жер иеленуші Медеу Пұсырманұлына тиесілі. Ол 1850 жылы сол кездегі Верный (қазіргі Алматы) маңында дүниеге келген. Оның әкесі Пұсырман туралы кей деректерде батыр болғаны айтылады.
Медеу өз дәуірінің іскер, беделді, заманауи көзқарастағы адамы ретінде ерекшеленді. Ол Жетісу өлкесінде саудамен айналысып, Орта Азия мен Солтүстік Қазақстан бағытында шикізат тасымалдап, байлыққа кенелді. Генерал-губернатор Г.Колпаковский, атақты сәулетші А.Зенков, танымал ботаник Э.Баум сынды беделді тұлғалармен араласып, қала құрылысына, әсіресе мәдени-инфрақұрылымға ықпал етті.
Медеудің қыстауы – кейінгі мұз айдынына бастау
1898-1899 жылдары Медеу Кіші Алматы өзенінің жоғарғы жағындағы Кімасар деген жерге ағаштан 5 бөлмелі үй салады. Бұл мекен халық арасында «Медеудің қыстауы» деп аталып кеткен. Тап осы жерде кейін Алматы жұртшылығы демалып, спортпен айналысатын әйгілі мұз айдыны – Медеу бой көтереді.
1920 жылы кеңестік комиссар әрі жазушы Дмитрий Фурманов бұл мекенді демалыс аймағына айналдыру жөнінде шешім қабылдап, оған иесінің – Медеудің есімін беруді ұсынады. Бұған дейін қыстау орман мектебі ретінде пайдаланылып үлгерген еді.
Медеудің халыққа жасаған қызметі
Медеу Пұсырманұлы өз заманының ағартушысы ретінде де есте қалды. Верныйда ашылған ерлер гимназиясында 226 оқушының тек 22-сі қазақ болған. Сол аз қазақ баласының мектепке қабылдануына, білім алуына тікелей Медеу қолдау білдірген.
1904 жылы ол қажылыққа аттанып, Меккеге барып қайтады. Ал 1908 жылы қан қысымының асқынуынан өз үйінде дүниеден озды. Оны көзі көргендер, әсіресе халық ақыны Жамбыл Жабаев, «елді білімге үндеген, еліне шын жанашыр болған жан» деп сипаттаған.
Бүгінгі Медеу – тарих пен спорттың тоғысқан мекені
Бүгінде Медеу – биік тау шатқалындағы мұз айдынымен танымал. Онда талай әлемдік рекордтар тіркелген. Медеудің атына берілген бұл спорттық кешен – тек мұз айдыны емес, өткен мен бүгінді жалғап тұрған рухани және тарихи символ.
Медеуге баратын қазіргі Достық даңғылы – кезінде генерал Колпаковскийдің атымен аталған көше. Бұл көшеден өтіп, Медеуге жеткен әр адам – тек табиғат аясында тынығып қана қоймай, тарих тереңіне үңілгендей әсер алады.