"Уәдеңізге қалай сенеміз?": Қызылордалық жанкүйерлер Бақтияр Артаевқа шүйлікті

Бүгін, 00:24 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден. Суретте: Бақтияр Артаев

Футбоолдан Қазақстан премьер-лигасының 18-турындағы матчта "Қайсар" жанкүйерлері Бақтияр Артаевқа шүйлікті, деп Sportinside.kz тілшісі Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қызылордада өткен "Қайсар" мен петропавлдық "Қызылжар" командалары арасындағы кездесуде алаң иелерінің жанкүйерлері Қызылорда облысының спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаевқа арнаған баннер іліп қойды.

"Б. Артаев, уәде еткен үш топ-футболшы қайда? Премьер-лигада қаламыз деген уәдеңізге қалай сенеміз?" – делінген жанкүйерлердің плакатында.

Маусым басында Бақтияр Артаев "Қайсар" клубын өз бақылауына алып, трансферлік саясатты өзгерткен болатын – командадан барлық легионерлер кетіп, тек қазақ ойыншыларымен өнер көрсете бастады. Маусымның сәтсіз басталғанынан кейін ол жанкүйерлерге Қазақстан азаматтығы бар үздік ойыншыларды алып келуге уәде берген еді.

Айта кетейік, 18-турда өткен бұл матчта "Қайсар" петропавлдық командадан 1:0 есебімен басым түсіп, турнирлік кестеде 17 ұпай жинады. Қызылордалық ұжым турнир кестесінде 10-орынға көтерілді.

Тэгтер:

футбол Бақтияр Артаев жанкүйерлер Қызылорда