"Біз жау емеспіз": Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі "Нойс" елге үндеу жасады

"Біз жау емеспіз": Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі "Нойс" елге үндеу жасады

фото: әлеуметтік желіден. Суретте: Айнұр Тұрсынбаева мен Нұржан Иманалиев

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның жолдасы Нұржан Иманалиев әлеуметтік желідегі парақшасында халыққа үндеу жасады.

"Бір адамды айыптау – оңай. Бірақ адамның тағдыры – бір парақ хаттамадан тұрмайды. Оның жүрегі бар. Оның артында тәрбие, өмір жолы, еліне деген сүйіспеншілігі бар. Біз – ел тонамаған, біреудің нанын тартып алмаған, ешкімнің көз жасына қалған жауыз емеспіз. Біз де дұға тілейміз. Біз де өз үйімізге аман-есен оралуды аңсаймыз. Біз де елдің тыныштығын қалаймыз.

Иә, жастықпен кеткен қателіктер болған шығар. Бірақ біз есейдік, сабақ алдық, түзелдік. Қоғамға пайдасы тиетін азамат болуға тырыстық. Біз ешқашан мемлекетке, үкіметке немесе ел басшылығына қарсы шыққан емеспіз. Қайта, заң алдында міндетіміз болса – жауап бердік. Бүгінде мені дәлелсіз айыптап, жала жауып, қудалауға тырысып жатқандар бар. Бірақ мен ешкімді сатқан жоқпын. Ешқайда қашқан жоқпын. Мен – туған жерін, елін, халқын шын жүрегімен сүйетін қарапайым қазақпын.

Ақиқатты айту – қылмысқа айналған заман. Бірақ мен білемін: Алла – Әділ. Ол жүректерді көреді. Ниетті біледі. Менің ар-ожданым да, ниетім де – Оның алдында таза. Бұл маған жеткілікті", – деп жазды Нұржан Иманалиев.