2026 жылы Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына қазақтың дәстүрлі көкпары енгізілмейді. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі kaktus.media сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
24 шілде күні ұйымдастыру комитетінің баспасөз мәслихатында Қырғыз Республикасының Дене шынықтыру және спорт агенттігінің басшысы Айбек Әбдімомынов мәлімдегендей, алдағы жарыс бағдарламасында тек көкбөрі ойыны болады. Сонымен қатар, биылғы жарыстардың форматы да өзгереді.
Көшпенділер ойындарының тарихында тұңғыш рет клубтық жүйе енгізілмек. Яғни ел құрамалары емес, түрлі елдерден жиналған аралас құрамалар клубтар түрінде сынға түседі.
"Бұл клубтар әртүрлі елден келген ойыншылардан құралмақ. Мысалы, әр мемлекеттен бір-бір спортшы келіп, жеребе арқылы жаңа командалар құрылады. Мәселен, бір командада Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан мен Венгрия спортшылары бірге ойнай алады. Осылайша біз көкбөріні саяси астарсыз, бейтарап ортада дамытамыз, – деді Әбдімомынов.
Айта кетейік, көкбөрі – Көшпенділер ойындарының ең қызықты әрі көрерменге тартымды түрлерінің бірі. Бұған дейін бұл сайыста Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары басты қарсыластар ретінде жиі жолығып келген.