Еуропа чемпионаты: ұлттық құрама Англия футболшыларымен Ақтөбедегі стадионда ойнайды

25 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
sportinside.kz коллажы. Суретте: Итан Нванери мен "Қобыланды батыр" стадионы

Қазақстан футбол федерациясы 2027 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы Қазақстан мен Англия жастар құрамалары арасындағы ойынды Ақтөбеде өткізу туралы шешім қабылдағанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында матчтың "Қобыланды батыр" атындағы орталық стадионда өтуі мүмкін екені айтылғанымен, ҚФФ баспасөз қызметі бұл ақпаратты нақтыламаған еді. Енді бұл ақпарат ресми түрде расталды.

"УЕФА-мен келісе отырып, Қазақстан футбол федерациясы қабылдаушы қала ретінде Ақтөбені ұсынды және өтінім мақұлданды. Кездесу 8 қыркүйекте "Қобыланды батыр" атындағы орталық стадионда өтеді", – делінген ҚФФ мәлімдемесінде.

Айта кетейік, Қазақстан U-21 құрамасы бұған дейін де Ақтөбеде маңызды матчтар өткізген. 2016 жылы дәл осы стадионда Англия жастар құрамасымен ойнаған болатын (есеп: 0:1), ал 2021 жылы Бельгия құрамасына қарсы матч өткізген еді (есеп: 1:3).

Биыл 28 маусымда Англия U-21 құрамасы Германияны финалда 3:2 есебімен жеңіп, Еуропа чемпионы атанды.

Қазіргі таңда Англия жастар құрамасында ағылшын Премьер-Лигасының жұлдыздары өнер көрсетуде: "Арсеналдан" Итан Нванери (нарықтағы құны – 55 миллион еуро), "Ньюкаслдан" Тино Ливраменто (40 млн), "Ливерпульден" Харви Эллиот (30 млн) және басқа да қымбат бағаланатын футболшылар бар.

Тэгтер:

Қазақстан Ақтөбе Англия Еуропа чемпионаты Итан Нванери "Қобыланды батыр" стадионы