фото: sportinside.kz коллажы. Суретте: Алуа Балқыбекова мен Назым Қызайбай
Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Алуа Балқыбекова өзінің құрбысы, команда капитаны Назым Қызайбай туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарында бокс бәсекесін World Boxing қауымдастығы алғаш рет ұйымдастырады. Аталмыш ұйымның ережесіне сәйкес, әйелдер 51 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 66 кг, 70 кг, +80 кг салмақ дәрежелері бойынша сынға түседі.
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшылары Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова 51 кг дейінгі салмақ дәрежесінде кім мықтыны анықтағалы тұр. Себебі қос боксшы да осы салмаққа икемделгенді дұрыс көреді. Өз кезегінде Алуа Балқыбекова Sport+Qazaqstan арнасына берген сұқбатында Назым Қызайбаймен қолғап түйістіруге дайын екенін жеткізді.
"Иә, бұйырса Назым Қызайбаймен спарринг өткізуге дайынмын. Екеуміздің де мақсатымыз бір. Жасымыз да келіп жатыр", – деді Алуа Балқыбекова.
Айта кетейік, Алуа Балқыбекова 2025 жылы әлем чемпионы атанса, 2022 жылы күміс, 2023 жылы қола медальді еншіледі. 2021, 2022 жылдары Азия чемпионы атағын жеңіп алған. Сондай-ақ жақында Астанада өткен World Boxing аясындағы әлем кубогында Алуа Балқыбекова (51 келі) күміс медаль иеленді.