Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жасұлан Әкімжан сынған қолына қарамастан, UAE Warriors лигасындағы дебюттік жекпе-жекті соңына дейін өткізіп, төрешілердің шешімімен жеңіліс тапты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Әбу-Дабиде өткен турнирде Жасұлан Әкімжанның қарсыласы бразилиялық Фелипе Дуглас болды. Үш раундқа созылған тартысты айқастың нәтижесінде жеңіс Оңтүстік Америка өкіліне бұйырды.
"Өкінішке қарай, жекпе-жектің алғашқы раундында қолымды сындырып алдым. Бұл қарсыласқа соққы жасаған сәтте болды. Сол уақыттан бастап бір қолмен ғана төбелестім. Өте ауыр болды. Бірақ мен берілуді білмеймін. Бұл – жеңіліс емес, бұл – сынақ. Мен бұл сынақтан абыроймен өттім. Рингте кез келген жағдай орын алуы мүмкін. Алайда шын жауынгер соңына дейін күреседі. Мен сынбадым. Бұл тек бастамасы ғана, – деді Жасұлан Әкімжан айқастан кейін.
Topology порталының мәліметінше, бұл жекпе-жек Жасұлан Әкімжан үшін кәсіби мансабындағы төртінші жеңіліс болды. UAE Warriors лигасына дейін ол Naiza турнирлерінде қатарынан екі мәрте жеңіске жеткен.