Қазақтан шыққан тұңғыш коньки шебері – Ораз Қаңлыбаевтың өмір жолы

11 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Ашық дереккөзден. Суретте: Ораз Қаңлыбаев

Өткен ғасырда мұз үстіндегі өнерімен қазақ елінің атын әлемге танытқан дарабоздың бірі – Ораз Мұсағалиұлы Қаңлыбаев. Көпшілікке беймәлім бұл есім – бүгінгі Қазақстан спорт тарихының ең биік, ең асыл беттерінің бірі. Өйткені ол – Совет Одағы құрамасына енген тұңғыш қазақ конькиші ғана емес, қысқы спорт түрінен әлемдік деңгейде танылған жалғыз қазақ спортшысы. Оның жетістіктері – жеке дарын иесінің еңбегі ғана емес, сонымен бірге зұлматтан енді ғана ес жиған бір ұлттың рухын көтерген тарихи құбылыс еді.

Кәсіби мансап пен алғашқы жетістіктер

Ораз Қаңлыбаев 1953 жылы КСРО құрамасына алынып, 1957 жылға дейін оның сапында өнер көрсетті. 1952–1953 жылғы маусымда ол 500, 10 000 метр қашықтықтарда және көпсайыста әлемдегі үздік 25 конькишінің қатарынан орын алды. Мәселен, 10 000 метрде – 6-орын, көпсайыста – 13-орын, 500 метрде – 22-орын иеленіп, тұтас Кеңес Одағында ғана емес, жаһандық аренада мойындалды. Бұл жетістіктерді «Советский спорт» газеті 1953 жылғы 9 мамыр күнгі нөмірінде ресми түрде жазып қалдырған.

Қазақ коньки спортынан шыққан тұңғыш спорт шебері атағын 1953 жылы иеленген Қаңлыбаев сол жылы-ақ Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды. Бұған дейінгі чемпиондық көрсеткішін 17 ұпайға арттырып, қарсыластарынан қара үзіп шықты. 5000 және 10 000 метр қашықтықтарда Қазақстан мен Кеңес Одағының рекордтарын жаңартты. Бұл көрсеткіштер тіпті әлемдік нәтижелермен тең келетін.

Халықаралық жарыстар мен үлкен жеңістер

Ораз Мұсағалиұлы «Динамо» спорт қоғамы сапында КСРО чемпионы атанған бірнеше жарыста топ жарды. Ол – Қазақстанның 12 дүркін чемпионы, ал 1955 жылы Қытай Халық Республикасының ашық чемпионатында екі мәрте жеңіске жетіп, Қытай мен КСРО арасындағы спорт додасында да дара шықты.

Бапкерлік жолы мен халықаралық арена

Қаңлыбаев спорттағы кәсіби мансабын 29 жасында аяқтап, бапкерлік жолға түсті. 1959 жылы КСРО Кәсіподақтар спорт қоғамының аға жаттықтырушысы болып тағайындалды. Бұл қызмет одақтық деңгейдегі ең жоғары бапкерлік лауазымдардың бірі еді. Оның қол астындағы команда әлемнің үздік ұжымы саналатын Норвегия құрамасын жеңіп, өз шеберлігін толық дәлелдеді.

1965 жылы ол Мәскеудің тапсырмасымен Моңғолия құрамасын 1968 жылғы Олимпиадаға дайындауға жіберілді. Бұл – Қаңлыбаевтың халықаралық бапкер ретінде де мойындалғанын көрсетеді. Сонымен қатар ол бірнеше жыл қатарынан Қазақстанның конькишілер командасын жаттықтырып, КСРО ұлттық құрамасының бапкерлер алқасының мүшесі болды. Бұл қызметке қатардағы жаттықтырушы емес, білігі мен тәжірибесі дәлелденген таңдаулы мамандар ғана алынатын.

Ғылым мен спортты қатар ұлықтаған шаңырақ

Ораз Қаңлыбаевтың қарындасы Жамал Мұсағалиқызы — техника ғылымдарының докторы, ҚР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор. Ол – техника ғылымы бойынша доктор атанған тұңғыш қазақ қызы. Бұл бір әулеттен шыққан қос тұлғаның – спорт пен ғылымдағы теңдессіз жетістігінің дәлелі. Жамал апай 1974 жылы небәрі 50 жасында өмірден өтті.

Адамгершілік келбеті мен мұрасы

Ардагер журналист Жүсіп Хисымов:

«Ораз Қаңлыбаев ақкөңіл, аңқау адам еді. Өгіз бұзаулады десе де сеніп қалатын» – деп еске алады.

Ораз Мұсағалиұлы 1989 жылы, 59 жасында дүниеден озды. Оның есімі – қазіргі таңда көп айтыла бермесе де, ұлт тарихындағы баға жетпес асыл мұра. Қазақ халқының қысқы спорттағы алғашқы һәм әзірге жалғыз әлемдік деңгейдегі өкілі ретінде, оның өмірі мен еңбегі келешек ұрпақ үшін үлгі болуға тиіс.

Тэгтер:

Ораз Қаңлыбаев коньки тұңғыш конькиші