фото: sportinside.kz коллажы. Суретте: Жазира Жаппарқұл мен Алексей Ни
Ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл бұрынғы бас бапкер Алексей Нидің тарапынан болған әділетсіздік пен кемсітуге қатысты оқиғамен бөлісті. Бұл туралы ол журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына берген сұқбатында айтып өтті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спортшы 2011 жылы алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысуға дайындалып жатқан кезіндегі бір сәтті есіне алды. Ол кезде өзінің салмағы 63 келі болғанымен, оны жоғары – 69 келі салмақ дәрежесінде сынға түсуге мәжбүрлеген.
"Сол уақытта командаға спорттық киімдер таратылды. Маған 3 XL өлшемді киім берілді. Ол, әрине, маған сай келмейтін. Қарсылық білдіріп едім, Алексей Ни: "Бұл саған емес, Зуляға!" деп айғайлап жіберді", – дейді Жаппарқұл.
Ол сондай-ақ спортшылардың өзара жақсы қарым-қатынаста болғанын, бірақ бапкерлердің тарапынан бөлінушілік орын алғанын атап өтті.
"Бапкерлер өз шәкірттеріне жақтасып, басқаларды шеттететін. Қазақ спортшыларын жиі кемсітетін", – деді ол.