Грузияның Батуми қаласында өткен Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) кеңесінің отырысында 10 жаңа гроссмейстердің атағы бекітілді. Сол тізімде 21 жастағы қазақстандық Бибісара Асаубаева да бар, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ол ел тарихында гроссмейстер атанған екінші шахматшы болды. Бұған дейін бұл атақты Жансая Әбдімәлік иеленген еді. Сонымен қатар, Бибісара әлем шахмат тарихында гроссмейстер атағына қол жеткізген 43-ші әйел шахматшы атанды.
Осыған қоса, Бибісара Асаубаева жуырда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен әлемдегі ең беделді шахмат турнирлерінің бірі – Freestyle Chess Grand Slam-2025 жарысына қатысты.
Бұл жарыс – әлемнің үздік шахматшылары, атап айтқанда Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Хикару Накамура сынды алпауыттар қатысқан жабық турнир болды.
Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы осындай жоғары деңгейлі турнирге шақырту алған әлем тарихындағы үшінші әйел шахматшы атанды. Оған дейін мұндай мүмкіндік тек венгриялық Юдит Полгар мен қытайлық Хоу Ифаньға бұйырған еді.
Турнир барысында Бибісара ширек финалға дейін жетіп, сол кезеңде АҚШ атынан өнер көрсеткен, Куба тумасы Леньер Домингес Переске жол берді.
Ал осы кезде Батумиде оның командаластары әйелдер арасындағы Әлем кубогы үшін жарысты жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта жарыстың жартылай финалистері анықталды:
- Лэй Тинцзе (Қытай) – Хампи Конеру (Үндістан)
- Дивья Дешмукх (Үндістан) – Тань Чжунъи (Қытай)