фото: видеодан скриншот. Суретте: Тоқтар Серіков
Әнші Тоқтар Серіков не себепті әлеуметтік желіде жеке өмірін көп жарияламайтынын түсіндірді. Бұл туралы ол "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтып өтті.
Бағдарлама жүргізушісі Нұрсейіт Жылқышыбайдың "Қазір әріптестеріңіз ішкен-жегенін, жеткен жетістігін көрсетіп отырады. Ал сіз өзгешесіз. Мұндай қарапайымдықты қайдан алдыңыз?" деген сұрағына әнші:
"Бұл сұраққа жауап берсем, көпшіліктен оқшауланып қалатындай сезінем. Бірақ шындықты айтсам, жұбайыммен ақылдасып, Instagram желісіне жеке өмірімізді жарияламауды жөн көрдік. Не ішіп, не жегенімізді, қандай көлік мініп, қай үйде тұратынымызды, тіпті бала-шағамның санын да көрсеткім келмейді. Мен бар жағдайыммен шүкіршілік етіп отырған адаммын. Алайда елімізде әлі де тұрмысы төмен, күн көрісі қиындаған жандар бар. Баласының болашағына алаңдап, көзіне жас алған ата-аналар бар. Сондай сәттерді ойласам, көңілім құлазиды. Өзім мақтанып жатқанда, бір адам маған мұңайып қарап тұрса, бұл – мен үшін үлкен сын. Сондықтан өнердегі барша әріптестеріме айтарым: бұл – жылтырап, мақтанып отыратын емес, керісінше, байлығыңды жасыратын заман. Аш адамды тойдырып барып мақтан. Кейде өзімді сырттан түсіріп алған видеоларды көргенде ұялып, өкінетін сәттерім болады", – деп шын көңілмен бөлісті.