Алматы облысында ит талап, ауыр жарақат алған 10 жастағы Максимнің отбасы баспаналы болды.
Максим мен оның отбасы бұған дейін жалдамалы үйде тұрып келген. Оларға төрт бөлмелі жаңа үй Asarume қайырымдылық қорының қолдауымен табысталды. Қор бұл игі істі өз оқырмандарының қаржылай көмегі арқылы жүзеге асырған.
Журналист Руслан Өтепбай Максимнің отбасын алдын ала қонаққа шақырып, тосынсый ұйымдастырған. Негізгі мақсат – көпбалалы отбасына баспана сыйлау еді.
"Сүйінші, ағайын! Иттерге таланып, ауруханаға түскен Максимнің отбасы үйлі болды! Asarume қайырымдылық қоры жалғызбасты анаға үй сыйлады.
Бүгінге дейін жалдамалы пәтерде күнелткен отбасы енді өздерінің жеке баспанасына көшіп жатыр. Максимнің анасы – Екатерина ханым, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Бір баласы - Максим иттердің шабуылынан аман қалып, ауыр жарақатпен ем алып жатыр.
Қайғылы жағдайдан кейін Асар-Үме қорына хабарласып, отбасыға үй беру жөнінде өтініш білдірдім. Менің өтінішімді жерге қалдырмай, сынақта жүрген отбасыны қуантқаны үшін қорға алғыс айтамын. Ертең Максим ауруханадан шығып, жаңа үйіне келеді. Бұл жақсылыққа Жалпақсай ауылының еріктісі Айжан ханымның да үлесі зор. Сізге де алғысымыз шексіз! Қуанышты күндеріміз көп болсын, ағайын", – деп жазды Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында.