Елге чемпион керек шығар, бірақ маған аман-сау бала керек – Бекзад Нұрдәулетовтің анасы

Бүгін, 10:41 / Ахмет Қанатұлы
Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Бекзад Нұрдәулетов

Бокстан әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов анасы туралы тебірене сыр шертті. Анасы баласының жекпе-жектерін мүлде көрмейді екен, тек ұлының амандығын тілеп отырады, деп Sportinside.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бекзад Нұрдәулетовтің айтуынша, анасы ұлының қатысуымен өтетін жарыстарды әлі күнге дейін көруге жүрегі дауаламайды екен.

"Анашым ондайды көре алмайды, сондықтан жекпе-жектерімді мүлдем көрмейді десем де болады. Бірақ бірден жекпе-жектен кейін міндетті түрде хабарласып, жағдайым жақсы екенін айтамын. Ол әрдайым жылайды, әрдайым мені бокстан кет деп өтінеді. "Елге чемпион керек шығар, бірақ маған аман-сау бала керек" дейді. Ал әкем, керісінше, мен үшін уайымдап, үнемі қолдау көрсетеді", – деп күлімдеп әңгімеледі Бекзад.

Айта кетейік, Бекзад Нұрдәулетов 2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында алтын медаль еншілеген. Ал 2024 жылы Чиангмайда өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Сондай-ақ жақында World Boxing ұйымы ұйымдастырған Әлем кубогында Бекзад Нұрдәулетов алтын медаль иеленді.

Тэгтер:

Бокс Бекзад Нұрдәулетов