Белгілі қазақстандық теннисші Галина Воскобоева кәсіби мансабын қайта жалғастыру туралы шешім қабылдап, АҚШ-та өтетін турнирге қатысатын болды, деп Sportinside.kz тілшісі Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
40 жастағы спортшы төрт жылдық үзілістен кейін алғаш рет кортқа оралып, Вашингтонда өтетін WTA 500 санатындағы турнирде өнер көрсетпек.
Турнир дүйсенбі күні басталады. Галина бұл жарыста жұптық разрядта ресейлік Камила Рахимовамен бірге сынға түседі. Сонымен қатар, ол US Open турниріне дейін АҚШ-тағы бірнеше жарысқа қатысуды жоспарлап отыр.
Кәсіби мансабында Воскобоева WTA рейтингінде жекелей сында 42-орынға (мамыр, 2012 ж.), ал жұптық сында 26-орынға (тамыз, 2012 ж.) дейін көтерілген. Australian Open және Ролан Гаррос турнирлерінде екі реттен жұптық жарыстың ширек финалына дейін жеткен.
Қазақстан құрамасы сапында Галина 32 матч өткізген. WTA аясындағы соңғы ресми кездесуін 2021 жылы өткізген.